Мақалалар Қазақстан Республикасындағы ажырасу рәсімі

Қазақстан Республикасындағы ажырасу рәсімі

Неке – отбасын құрудың тірегі болып табылады. Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ. Ерлі-зайыптылардың жеке және мүліктік құқытық қатынастарының тоқтатылуын некенің тоқтатылуы деп түсінеді. Неке заңда айқындалған белгілі бір оқиғалардың тууына байланысты немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің не екеуінің бірдей қалауымен тоқтатылады. Некені тоқтататын оқиғалар:

  • Ерлі-зайыптылардың біреуінің қайтыс болуы;
  • соттың ерлі-зайыптылардың біреуін өлді деп жариялауы;
  • некенің бұзылуы (ажырасу).

         Некені бұзу нәтижесінде ерлі зайыптылардың некеде тұрған кездегі жеке және мүліктік қатынастары тоқтатылады. Мәселен, бірге тұруы, ортақ бірлескен меншік, өзара қамқорлық және асырау. Соның өзінде кейбір құқықтық қатынастар бірден тоқтатылады да, енді біреулерінің сақталуы мүмкін. Некеге тұрған кезінде бірлесіп жиған мүліктері бөлінген жағдайда, әдетте, некенің тоқтатылуымен байланысты ерлі – зайыптылардың ортақ бірлескен меншік тәртібі де тоқтайды, бірақ мүлік бөлінбеген жағдайдағы ажырасу өзінен – өзі жұбайлардың ортақ бірлескен меншігін үлестік меншікке айналдыра алмайды. Некенің тоқтатылуы жаңадан некеге тұру құқығын туғызады. Ажырасу жолымен некенің бұзылуы ата – аналарының балаларына қатысты құқықтары мен міндеттерін тоқтата алмайды.

         Некенің тоқталуына, некеде тұрып жатқан ерлі-зайыптылар арасында көптеген отбасылық даулар туындап жатады. Ол даулар әртүрлі: қарапайым «мінез-құлқымыз жараспады» дегеннен  бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық, опасыздық жасау, маскүнемдікке немесе нашақорлыққа дейін. Тұрғын үйге, тұратын жерін таңдауға, отбасының материалдық қамтамасыз етілуіне, ірі сатып алуларға, балалардың тууы мен тәрбиесіне, ата-аналармен және басқа да туыстарымен қарым-қатынасқа қатысты жанжалдар жиі туындайды.

         Ерлі-зайыптылар арасында некенің бұзылуы ҚР заңнамасы бойынша екі жағдайды қарастырады:

  • Некені бұзуды тіркеуші органдарда мемлекеттік тіркеу кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптар қоймайтын ерлі-зайыптылардың некені бұзуға өзара келісімі кезінде жүргізіледі.
  • Ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары болған кезде некені бұзуды мемлекеттік тіркеу некені бұзу туралы сот шешімінің негізінде жүргізіледі.

         Некені тіркеуші органдарда кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ, өзара келісім арқылы неке бұзылады. Сонымен қатар, тіркеуші органда ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынш, кәмелетке толмаған ортақ балаларының болуына қарамастан келесі жағдайларда бұзылады, егер:

  • сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныса;
  • сот әрекетке қабілетсіз деп таныса;
  • сот әрекет қабілеті шектеулі деп таныса;
  • қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға соттаса.

Осылайша, неке – азаматтық хал актілерін тіркеу кітабында некені бұзу тіркелген күннен бастап тоқтатылды деп есептеледі.

Некені сот тәртібімен бұзылады, егер:

  • ерлі-зайыптылардың біреуі ажырасқысы келмесе;
  • отбасында кәмелетке толмаған ортақ балалар бар болса;
  • тараптардың бірінде мүліктік талаптар болған кезде;
  • егер ерлі-зайыптылардың біреуі ажырасудан жалтарса (мысалы, белгіленген күні ажырасуға қарсы болмай, бірақ тіркеуші органға келмеген жағдайда).

         Ерлі-зайыптылар некені бұзу туралы сотқа өтініш берген күннен бастап бір ай өткен соң неке сот тәртібімен бұзылады. Ерлі-зайыптылардың біреуінің некені бұзуға келісімі болмаған кезде сот ерлі-зайыптыларды татуластыруға шаралар қолдануға және ерлі-зайыптыларға татуласу үшін алты ай шегінде мерзім тағайындай отырып, істі қарауды кейінге қалдыруға құқылы. Некені бұзу фактісінен басқа сот мүліктік келіспеушіліктерді шешеді және ажырасқаннан кейін балалардың кіммен тұратынын, сондай-ақ алимент төлеу тәртібі қандай болатынын анықтайды. Сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап неке бұзылды деп есептеледі. Сот шешімінің көшірмесі 3 күн ішінде тіркеуші органға жіберіледі. Осыдан кейін тұрғылықты жері бойынша тіркеу органына келіп, сот шешімін қоса отырып, өтініш беру қажет. Осының негізінде некені бұзу туралы жазба жасалып, ажырасу туралы куәлік беріледі.

         Ажырасу рәсімі өтініш беруден басталады, сонымен бірге құжаттар тізбесі қоса берілу керек. Құжаттар тізбесі:

  1. Егер кәмелетке толмаған балалар болмаса: неке туралы куәліктің түпнұсқасы; ажырасу бастамашысының мекенжай анықтамасы.
  2. Егер кәмелетке толмаған балалар болса: неке туралы куәліктің түпнұсқасы; ажырасу бастамашысының мекенжай анықтамасы; баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі.
  3. Алимент өндіріп алумен ажырасқан кезде: неке туралы куәліктің түпнұсқасы; ажырасу бастамашысының мекенжай анықтамасы; балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері; балалар бар екендігі туралы емханадан анықтама (анықтаманың басқа атаулары – алиментке анықтама, баланың тірі екендігі туралы анықтама). Анықтама 3 күн жарамды.

         Сотқа некені бұзу туралы талап арыз берген кезде өтініш берушіден 30% АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж алынады.